Сенат әскерилер туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды 

Сенат әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы заңның жобасын Мәжіліске қайтарды.

Депутаттар әскерилердің құқықтарын реттеу туралы нормаларға өзгертулер енгізуді жөн көрді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл заң жобасы әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі баласы барлар қызметтік пәтерлерін ақысыз жекешелендіруге мүмкіндік алады. Қайтыс болған әскерилердің отбасылары да әлеуметтік тұрғыдан қамтылатын болады. Оларға модульді тұрғын үйлер салу мүмкіндігі де осы құжатта қарастырылған. Геосаяси жағдай өзгерсе, бұл баспана ешбір шығынсыз басқа өңірлерге тасымалданады. Ал бір азаматтың мемлекет тарапынан 2 рет үй алуына қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ әскерилердің жауапқа тартылуы, шЕн алғандағы жас мөлшері мен жұмыстан шығу тәртібі бекітілмек. Мәселен, есірткі және алкоголь өнімдерін қолдану немесе құмар ойындарға әуесқойлық қызметтен босатылуға себеп бола алады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

– Әскери қызметшілердің және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұмыстары аса жауапты екені белгілі. Сол себепті оларды және олардың отбасы мүшелерін құқықтық, материалдық және әлеуметтік қорғау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан қаралған заң жобасы әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары саласындағы құқықтарын қосымша реттеуді көздейді. Сондай-ақ әскери және арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері де қамтылған.