Үкіметте ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастық талқыланды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Еуропа Қайта Құру және Даму банкінің Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жужанна Харгитаймен және Директоры, Қазақстан бойынша басшысы Хусейн Өзханмен кездесу өткізді.

Бақыт Сұлтанов Қазақстан ұлттық экономиканың тұрақты өсуі мен дамуы үшін ЕҚҚДБ-мен одан әрі әріптестікті жалғастыруға ниетті атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Банк ынтымақтастығының ағымдағы күн тәртібін, сондай-ақ орта мерзімді перспективаға арналған одан арғы жоспарларды, сондай-ақ ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы жаңа стратегиясын әзірлеу және өңірлік дамуға назар аудара отырып, 2021-2025 жылдарға арналған кеңейтілген әріптестік Негіздемелік келісімін (EPFA) іске асыру барысын талқылады.

Бақыт Сұлтанов мемлекеттік инфрақұрылым жобалары үшін қосымша инвестициялар тарту және ШОБ қолдау мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту қажеттігіне ерекше назар аударды.

СOP26 шеңберінде халықаралық міндеттемелерге сәйкес болу үшін Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мәселелеріне баса назар аударылды.

Атап айтқанда, жаңартылатын энергия секторын дамыту бойынша тараптардың өзара іс-қимылы, оның ішінде осы саладағы заңнаманы жетілдіру және «жасыл қала» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру туралы сөз болды.