Орталық сайлау комиссиясы екі депутаттың өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс енгізді

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы екі депутаттың өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс енгізді.

Бүгін, 2022 жылғы 4 наурызда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен бейнеконференция байланысы режимі арқылы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров, сондай-ақ ОСК мүшелері Асылбек Смағұлов және Шавхат Өтемісов отырысқа Ақтөбе облысындағы іс-сапар барысында қатысты.

Отырыста Ортсайлауком мүшелері келесі қаулыларды қабылдады:

  1. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Файзолла Қаменұлы Қаменовтің өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы;
  2. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Николаевич Решетниковтің өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы.

Конституцияның 52-бабына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің депутаттары Ф.Қ. Қаменовтің және С.Н. Решетниковтің өтініш берулеріне байланысты олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіздер туындады деп қаулы етті.

Депутаттар Ф.Қ. Қаменовтің және С.Н. Решетниковтің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсынымдар Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізіледі.