БҰҰ өкілі: Қазақстан – халықаралық сенімді серіктес

Биыл Қазақстанның БҰҰ-ның құрамына кіргеніне 30 жыл толып отыр.

Осы уақыт аралығында Қазақстан Орталық Азия елдері арасындағы өңіраралық қарым-қатынастың тереңдей түсуіне айрықша үлес қосты. Мәселен, 2018 жылы алғаш рет Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуі өтіп, аймақтың өзара ықпалдастығына жаңа серпін берді. Сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығымен де тығыз қарым-қатынас құрылып, әріптестік орнады. Жалпы еліміздің ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейдегі жұмысы мен БҰҰ арасындағы нәтижелі әріптестігі дұрыс жолға қойылған, дейді ұйым басшылығы.

Мирослав Енча, БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі:

- Қазақстан БҰҰ-ның өңіраралық және халықаралық деңгейдегі сенімді серіктесіне айналды. 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде болған кезінде мұны жақсы дәлелдей білді. Өзінің ерекше бастамаларымен көзге түсті. Қазақстан өзінің ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия өңірінің танылуына, Қауіпсіздік Кеңестің назарын сол өңірге аударуда ерекше роль атқарды. Әлемдегі күрделі мәселелерге қатысты тез арада шешім қабылдай білді. Мәселен, Астана процесі Сириялық дағдарыс бойынша келіссөздер алаңына айналып, өізінің тиімділігін көрсетті. Алдағы уақытта да БҰҰ мен Қазақстан арасындағы серіктестік жалғаса береді деген.