Киевте ахуал ушығып, қазақстандық дипломаттар Львов қаласына көшірілді

Киевтегі ахуалдың ушығуына байланысты қазақстандық дипломаттар Львов қаласына көшірілді.

Алайда отандастарымызды эвакуациялау бойынша жұмыстарын жалғастыра береді. Бүгін Атыраудан Польшаның Катовице қаласына кезекті эвакуациялық ұшақ жіберілді. Украинадан Польшаға жеткізілген 165 отандасымыз төртінші репатриациялық рейспен елге қайтады. Львовтағы консулдық жанындағы эвакуациялық бекетке 11 адам жиналған. 7 отандасымыз Харьковта.

Елшіліктің ақпаратына сәйкес, Мариуполь қаласында 18 отандасымыз қалып қойды. Телефон жүйесінің үзілуіне байланысты олармен байланыс орнату әзір мүмкін емес. Сумы қаласында екі Қазақстан азаматы бар, олармен байланыс орнатылған. Барлығын гуманитарлық дәліздер арқылы эвакуациялау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Ресей мен Украина дәліздердің ашылуын талқылап жатыр. Бүгінге дейін қазақстандық дипломаттардың көмегімен 731 азамат Украина аумағынан шығып кеткен еді.