Украинадағы 155 қазақстандық елге жетті

Бүгін таң ата Нұр-Сұлтан әуежайына Катовицеден түнгі 23.00-де ұшып шыққан борт қонды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Украинадағы қазақстандықтарды Польша арқылы елге жеткізу үшін арнайы ұйымдастырылған төртінші рейс. Ішінде 155 қазақстандық бар, оның ішінде жетеуі бала. Айта кету керек, балалардың бірі Украина аумағында дүниеге келді. Бауыржан есімді отандасымыз жұбайы Ләззатпен бірге 2020 жылдан бері Киевте тұрған. 8 жыл күткен тұңғыштары Дунаев ауданының перзентханасында дүниеге келді. Қазақ отбасы осы уақытқа дейін Украинада индустриалдық құрылыс саласында қызмет атқарып келген.

Бауыржан Игіліков қазақстандық:

– 28 ақпан күні дүниеге келді. Атын Батыр деп қойдық. Атасы осындай қиын заманда дүниеге келіп жатқан нағыз жігіт, ер жігіт батыр болсын деп Батыр деп атын қойды. Алматыданбыз, тақымын қысып бәрі күтіп отыр.

Расул Тәуекелов, қазақстандық:

– Қазір ол жақтағы жағдай кәдімгідей қиын, соғыс басталды, жарылыс болып жатыр. Адамдар қаза табуда, тіпті кішкентай балалар. Біз енді шамасыз болғанша қашып, сол Польша арқылы бүгін ұшып келдік 6 сағаттың ішінде. Украинада сол жағдай қиын.