Қауіпті қалдықтан қатер келмейді – Жаңа заң жобасы 

Қауіпті қалдықтан қатер келмейді – Жаңа заң жобасы 

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізудің бірыңғай тәртібі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Сенатта осындай Заң жобасы қабылданды. Құжатты экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таныстырды. Енді экологиялық залалдың алдын алуға мүмкіндік тумақ. Қауіпті қалдықтар экологиялық негізделген ереже бойынша жойылады. Одаққа мүше мемлекеттер арасында осыған қатысты ортақ шарт болады. Яғни өзара саудада үшінші елдермен қауіпті қалдықтарды трансше­ка­ралық өткізуге байланысты қатынастар реттеледі. Сондай-ақ жеке тұлғалардың өз пайдасы үшін қалдықтарды трансшекаралық өткізуіне тыйым салынады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында қауіпті қалдықтарды өткізудің бірыңғай тәртібін айқындайды. Сондай-ақ оларды тасымалдау кезінде берілген қорытындылар мен анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат алмасуға құқықтық негіз қалыптастырады. Алдағы уақытта осы Заң қауіпті қалдықтарды жоюға және қайта өңдеуге, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосады деп сенеміз.

 

Серікқали Брекешев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Елімізде қауіпті қалдықтарды әкеліп, шығару және транзитін заңнамалық реттеу Базель конвенциясы және Экологиялық кодекс нормаларымен жүзеге асырылады. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге қатысты лицензиялық тәртіп қолданылады. Лицензия беруді министрлік 2019 жылдан бастап жүзеге асырады.