Украина-Ресей СІМ басшыларының кездесуі Қазақстанда өтуі мүмкін

Төрткүл дүниенің төрт бұрышы көз тіккен Анталиядағы Украина-Ресей сыртқы істер министрлерінің 1,5 сағатқа созылған кездесуі аяқталды. Қос елдің министрлері екі бөлек залда мәлімдеме жасап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген журналисттердің сұрақтарына жауап берді. Дегенмен, кездесуден айтарлықтай нәтиже шыға қойған жоқ. Бастысы, тараптар гуманитарлық дәлізді ары қарай жалғастыра беруге келісті.

Беларусь Республикасындағы шағын құрамдағы келіссөздерді нәтиже беріп отырғанын айтты. Бастысы, келіссөздерді тағы бір раундын өткізуге ниетті екенін қос басшы да білдірді. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров келіссөздерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда өткізу туралы ұсынысын құп көретін айтты.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

– Беларусьте өткен келіссөздердің соңғы кезеңінде Ресей тарапы заңды құжат жобасы түрінде әзірленген нақты ұсыныстар жасады. Украина жағы оны пысықтауға алып, көп кешікпей нақты жауап беретінін жеткізген болатын. Әріптестерімізге осыны еске салдық. Біз Беларусь жерінде құр бейресми қағаздарға емес, украиналық дағдарысты жан-жақты реттеу тұрғысынан шешімін табуы тиіс нәрселер бойынша келісімге келуіміз керек. Және Еуропадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде барлық мемлекеттің мүддесі ескерілуі керек. 

Украина сыртқы істер министрі де нақты келісімге келмегенін айтқанымен, келіссөздерді жалғастыратынын тілге тиек етті.

Дмитрий Кулеба, Украина сыртқы істер министрі:

– Бұл кездесу һәм оңай, һәм қиын болды. Қазіргі уақытта ең күрделі жағдай Мариуполь қаласында. Шаһарға әуеден соққылар жасалып жатыр. Осында келуімнің себебі де осы. Яғни Мариупольде гуманитарлық дәліз құру. Сонымен қатар біз ең маңызды гуманитарлық мәселелерді шешу үшін 24 сағатқа атысты тоқтату туралы бастама көтердік. Алайда ешқандай ілгерілеу болмады.

Мевлүт Чавушоғлұ, Түркияның сыртқы істер министрі:

– Кездесуде келесі келіссөздердің қос ел басшыларының деңгейде өтуі күн тәртібіне қарастырылды. Украин тарапы да, Ресей тарапының да қарсы емес екенін сыртқы істер министрлері жеткізді.

Кезекті келіссөздердің қайда өтетінін уақыт көрсетеді. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі кездесуде Украина шабуылды дереу тоқтатуды, Ресей әскерін өз территориясынан шығаруды және гуманитарлық көмекке мүмкіндік беруді талап етті. Ал Ресей Ураинадан өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін және Қырымның Ресей аумағына қосылғанын ресми мойындауды сондай ақ Украинаның ешқандай әскери ұйымға мүше болмауын талап еткен еді.

БҰҒАН ДЕЙІНГІ КЕЛІССӨЗДЕР ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Әскери қақтығыс басталғалы тараптар осыған дейін 3 мәрте кездескен еді. Бірақ бүгінгі келіссөздер жоғары лауазымды диполоматтардың қатысуымен өткен алғашқы басқосу. Бірінші рет екі тараптың делегациясы 28-ші ақпанда Беларусьтың ГОмель облысында кездескен. Бес сағатқа созылған жиынның басты тақырыбы - оқ атуды доғару болатын. Алайда шын мәнінде ол келіссөздерді нәтижесіз деуге болады. Келесі басқосу 3-наурызда тағы да Беларусьте, бірақ Брест облысында өткен. Онда екі жақ бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз құруға келісті. Бірақ уағдаластық дұрыс орындалмай келеді. Өйткені тараптар бірін-бірі талаптарды орындамады деп айыптап отыр. Үшінші кездесу 3 күн бұрын Беларусьте өтті. Онда делегациялар тағы да жасыл дәліз мәселесін талқылаған еді.