Мемлекет басшысы сот органдарын жаңғыртуды тапсырды

Президент Жоғарғы сот төрағасын қабылдады. Жақып Асанов Президентке сот жүйесінің қазіргі жағдайы мен сот төрелігіне қатысты өзекті мәселелер туралы баяндап, дауларды шешудің баламалы тәсілдері туралы да айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкімдіктермен бірлесе отырып, жергілікті жерлерде соттан тыс медиация орталықтары құрылған. Соттар дау-дамайлардың мәмілеге келу арқылы шешілуіне көмектеседі. Бұрын тараптардың тек 3 проценті ғана татуласса, қазір бұл көрсеткіш 34%-ке жеткен. Сондай-ақ былтырғы 1 шілдеден жұмыс істей бастаған әкімшілік соттардың қызметі жөнінде тілге тиек болды. Жарты жылда соттарға 14 мың талап арыз түскен. Мемлекеттік органдар әрбір екінші істе ұтылған. Бұрын қаралған істердің 85 проценті мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін еді.

Сондай-ақ Жоғарғы сот төрағасы қылмыстық сот төрелігі саласында да ахуалдың өзгеріп жатқанын баяндады. Кездесу соңында Мемлекет басшысы сот органдарын жаңғырту аясында жүзеге асырылатын бірқатар міндетті айқындап берді.