Қазақстан – Румыния: мұнай-газ саласы бойынша тауар айналымы артты

Қазақстан – Румыния: мұнай-газ саласы бойынша тауар айналымы артты
СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның елшісі Нұрбах Рүстемов Румынияның энергетика министрі Вирджил Попескумен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қос тарап 2021 жылғы ынтымақтастықтың қорытындыларын талқылады, ағымдағы жағдайды қарастырды және орта мерзімді перспективаға арналған жоспарларды белгіледі. Әңгімелесу барысында елші Қазақстанның Румыниямен энергетика саласындағы қарым-қатынасты нығайтуға дайындығы туралы ұстанымын жеткізді. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз Интернейшнл» компаниясының дамуы және оның қазақстандық энергетикалық ресурстарды Еуропаға экспорттаудағы белсенді қызметі туралы да сөз болды.

Сонымен қатар қазақстандық дипломат Үкіметтің шетелдік инвестициялық субъектілерді, оның ішінде Қазақстанның энергетикалық секторында өкілдік ететін румындық компанияларды қорғау бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Өз кезегінде Министр В.Попеску екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нығая түсетініне сенім білдіріп, мұнай-газ саласындағы тауар айналымының артуын атап өтті.