Сенаторлар өңірлерді аралайды 

Сенаторлар бүгіннен бастап өңірлерге жол тартады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықпен кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастамаларға баса мән беру қажет. Мәулен Әшімбаев қабылданып жатқан шаралардың нақты пайдасы жөнінде жергілікті тұрғындар толық  хабардар болуы тиіс деді. Ол елдің пікірі мен ұсыныстары басты назарға алынатынын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Президентіміз Жолдауда еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Олар еліміздің қазіргі дамуындағы үрдістер мен талаптарға толығымен сай келеді. Оның бәрін сапалы әрі нәтижелі іске асыру үшін заңнамалық тетіктер керек. Сол себепті, алдағы уақытта жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізуіміз қажет. Заңдарды қабылдау барысында халықтың, азаматтық қоғам өкілдерінің, сарапшылардың пікірлерін ескеру аса маңызды. Президенттің бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау – біздің басты міндетіміз. Сол себепті қазір нағыз «бел буып, білек түріп» жұмыс істейтін кезең. Халықтың бізден күтетіні де, талап ететіні де сол.