Қазақстандағы саяси реформа күрделі кезеңде жүріп жатыр – Сарапшы

Қазақстандағы саяси реформалар бағдарламасы қаңтар оқиғасына берілген жауап болды. Франция қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшысы Эммануэль Дюпюи осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол өз елін мысалға келтірді. Яғни президент мықты көшбасшы болуы мүмкін, бірақ өкілеттілік нақты белгіленген межеден аспауы керек дейді.

Францияда президенттік сайлау науқаны қызды. 12 үміткер арасында қазіргі мемлекет басшысы Эммануэль Макрон да бар. Францияда президенттік билік шектелген. Мысалға мемлекет басшысы қызмет барысында Парламент ғимаратына аттай алмайды. Тек лауазымына кіріскенде ғана бір рет кіреді. Францияда 600-ге жуық саяси партия бар. Оларды тіркеу өте оңай. Ірі партиялар президенттікке өз үміткерлерін ұсынады. Алайда билікке келгенде мемлекет басшысы партия басқарудан бас тартады. Өйткені ол бүкіл халыққа қызмет етеді.

Суперпрезиденттік билік - өте осал тетік. Эммануэль Дюпюидің пікірінше, қаңтар оқиғасы мұның айқын дәлелі. Тәуелсіз партиялар мен күшті парламент ел тұрақтылығын арттырады. 

Эммануэль Дюпюи, Еуропа қауіпсіздігі және болашағын талдау институтының президенті:

– Кеңес одағынан кейін либерал құндылықтар жүйесіне ауысу, саяси және экономикалық еркіндік беру – өзекті әрі маңызды шешім. Ел тағдыры сынға түседі. Салдары не болатынын айту қиын. Осының бәрін ескеріп, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнатып, олардың тәуелсіздігін сақтау қажет. Билікті монополияға айналдыруға жол бермеу керек. 

Қазақстандағы саяси реформалар күрделі кезеңде өтіп жатыр. Сарапшының айтуынша, Ресейдің әскери шабуылы батыс елдерімен қарым-қатынасқа әсер етеді. Шет мемлекеттерден бөлек, Қазақстанның көршілері де елдегі өзгерістерді мұқият бақылайтыны анық. Бірақ ең бастысы – Қазақстан демократиялық бағытқа бет бұрғаны көпке үміт сыйлайды.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан