Әйел құқығы талқыланған БҰҰ-дағы жиынға қазақстандық делегация қатысты

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде қыз-келіншектердің экологиялық бастамалары талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері сөз болды. Жалпы, Нью-Йоркте гендерлік теңдік пен әйел құқықтарына арналған бірқатар басқосулар өтіп жатыр. Оларға қазақстандық делегация да қатысты. Бұл жиындардан бөлек, экологиялық стратетегияларды талқылау үшін Қазақстан мен Германия өкілдері кездеседі деп жоспарланған.

Лаззат Рамазанова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы:

- Біз Қазақстанның жаңа экологиялық стратегиясын талқылаймыз. Бұл зерттеу жұмыстарына Германия өз үлесін қосты. Өмір бір орында тұрмайды. Алда жаңа белестер бар. Оның барлығын ел үшін тиімді падалануымыз керек. Ашық энергетика көздері бар мемлекеттердің қатарындамыз. Сондықтан жасыл экономикаға көшкен кезде бұл өзгерістер экономикаға, тұрғындарға қалай әсер етеді? Тариф өзгере ме? Осы сұрақтарды талқылаймыз.