Еуразиялық одақ саясиланып барады – Сарапшы пікірі

«Еуразиялық экономикалық одақ» аты айтып тұрғандай әуелбаста экономикалық мақсатта құрылып еді.

Кезінде «экономикалық әлеуетіміз артатын болды, осы арқылы азаматтарымыздың әл-ауқаты да жақсарады» деген сарында сан пікір айтылды.

«Алып нарық пайда болады. Мұның өзі біздің кәсіпкерлерге, тауар өндірушілерге мол мүмкіндік береді» деді.

Ең бастысы, одаққа мүше елдердің басшылары бір ауыздан бұл бірлестіктің тек экономикалық мақсатта құрылып жатқанын атап өткен. Бірақ экономистер қазір мұның саясиланып бара жатқанын алға тартты.

Олардың пайымынша, «геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұрған қазіргі шақта ұйымнан ұтыларымыз көп. АҚШ пен Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясы Қазақстанға жанама түрде болсын әсерін тигізеді. Сондықтан бейтарап ел болуға ұмтылу керек».

Талғат Демесінов, экономист:

- ЕАЭО ең бірінші Ресейге тиімді болған ең басында. Өйткені ол үлкен нарық. Үлкен нарық өзінің маңайындағы кеңес одағына кірген мемлекеттерді қамтығысы келді. Және өздерінің тауарларын Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь елдеріне емін-еркін өткізуге соны жоспарлады. Сондай мақсат қойылды Ресей үкіметінің алдына. Біздің Қазақстанның да Үкіметінің алдында сондай өзінің мақсаты тұрды. Қазақстандық тауарларды Ресейдің, Беларусьтің, Қырғызстанның, Арменияның, осы ЕАЭО-ға кіретін 5 мемлекеттің 180 миллионға жуық халқына еркін нарықты кеңейту біздің бизнесмендер үшін. Бірақ біздің Қазақстанның, бір өкініштісі, сол нарыққа ұсына алатын дайын тауарларының саны өте аз болды, шектеулі болды. Сондықтан біз кішкене ұтылдық бұл одақтан. Шынтуайтына келгенде, былай тереңдете ойласақ, біз стратегиялық өзіміздің болашағымыз үшін мұндай одақтардың, менің ойымша, керегі жоқ Қазақстан үшін. Ол менің жеке пікірім. Қазақстан өзінің стратегиялық болашағын ойлайтын болса бейтарап елге айналу керек. Қай жағынан болсын.