Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталуына қатысты әділет министрі пікір білдірді

ҚР Әділет министрі Қанат Мусин БАҚ өкілдерінің Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталуына қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Ең алдымен заң отбасы мүшелерін айқындайды. Ал немере туыстары бұған кірмейді. Екіншіден, қателеспесем «Тұңғыш Президент туралы» заңда Тұңғыш Президентті, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайтындығы айтылған. Яғни оларға айып тағуға болмайды. Бірақ айып тағу үшін тергеуге тыйым салынбаған»,– деді ол. Министрдің айтуынша, кейбір нақты әрекеттерді тексеруге болады және бұған ешқандай тиым салынбаған.

Бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлы «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау күдігімен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 2022 жылғы 15 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Айта кетсек, ҚР «Тұңғыш Президенті туралы» 3-бабына сәйкес, тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады.