Сенатор ауыл шаруашылығы банкін ашуды ұсынды

Сенатор ауыл шаруашылығы банкін ашуды ұсынды
ҚР Парламентінің Сенаты

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Сенат отырысында осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сырдың бойындағы күріш алқаптары шамадан артық тұзданып кеткен. Бұған суармалы алқаптағы кәріз жүйелерінің уақытылы тазаланбауы себеп. Соның салдарынан диқандар 6 есе аз өнім алып отыр. Жылдар бойы шешімін таппаған мәселе бүгін Сенат отырысында сөз болды. Депутаттар Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, шаруалардың жанайқайын жеткізді. Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, дамыған мемлекеттерде 1 текше метр су жұмсап, одан 4-6 келі ауыл шаруашылығы өнімі алынады. Ал біз бұдан 6 есе аз өнім өндіреміз. Дәнді-дақылдың бітік шығуына ықпал етететін минералды тыңайтқыштар да биыл 3 есе қымбаттады. Мәселен, Өзбекстаннан келетін қоспаны шаруалар тікелей өндірушіден сатып ала алмайды. Мұны пайдаланған арадағы монополист делдалдар бағаны шарықтатып жіберген. Осы сынды саладағы қордаланған мәселелердің кесірінен отандық шаруалар Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерімен бәсекеге түсе алмай тұр.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері Еуразиялық экономикалық одақтағы Ресей, Беларусь елдерінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен  бәсекеге түсе алмай отыр. Өйткені бұл елдердегі шаруалардың жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін бөлімшелері, барлық аудандарда орналасқан агробанктері жұмыс жасайды. Бірыңғай экономикалық кеңістікке жұмыс істеуде бірдей  жағдай жасау және отандық шаруалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып арзан, ұзақ мерізмді несие беру үшін осы кезге дейін Парламент қабырғасында бірнеше рет көтеріліп, бірақ шешімін таппай жатқан  ауыл шаруашылығы банкін ашуды арнайы қарауыңызды, оның оң шешілуін  бүкіл шаруалар күтіп отырғандығына назарыңызды аударғым келеді.