Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттік басқару туралы кітаптың тұсаукесері өтті

Нью-Йоркте “Посткеңестік 15 елдегі мемлекеттік басқарудың эволюциясы: трансформацияның түрлілігі” атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл туынды посткеңестік 15 елдегі мемлекеттік басқару реформалары мен даму көрсеткіштерін талдай отырып, оның трансформациясын зерттеген жұмыстардың алғашқысы. Кітап Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов пен халықаралық сарапшы Панос Ливеракостың редакциялауымен жарық көрді.

Жиынға келген сарапшылардың айтуынша, туындының өз оқырманын табары сөсіз.

Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы:

- 30 жыл ішінде бұрынғы Кеңес Одағына кірген мемлекеттер терең саяси-экономикалық реформалар жүргізді. Соның бір құрамдас бөлігі мемлекеттік басқаруды жетілдіру. Бірақ осы күнге дейін осы кеңістіктегі реформаларды терең талдап, салыстырған еңбек болған жоқ еді. Сол себепті біз екі жарым жыл бұрын 15 мемлекеттен 25 бір жағынан тәжірибесі бар, реформалар жүргізген мамандарды, екінші жағынан ғылыми сарапшыларды бастарын қосып, осы кітапты жазуды бастадық. Екі жылғы еңбектің нәтижесі ретінде, 600 беттен, 16 тараудан тұратын кітап жарық көрді және ол әлемдегі ең жетекші Palgrave Macmillan баспасынан шықты. Бұл біз үшін бір жағынан үлкен мәртебе, кәсіби үлкен қуаныш, үлкен жетістік. Бұл кітаптың ерекшелігін әлемдегі ең жетекші ғалымдар бүгінгі басқосуда да айтты.

Стивен Тулл, БҰҰ-ның Қазақстандағы бұрынғы тұрақты үйлестірушісі:

- Бүгінгі кеште жарық көрген Астана хабының туындысын көру мен үшін қуанышты жағдай. Аталмыш ұйымның 10 жылда жасаған жетістігі шын мәнінде көңіл көншітеді. Және бүгінгі таныстырылған кітаптың ерекшелігі сол елдер арасындағы нетуоркинг пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын көрсете білген. Демек, әр мемлекет, әр қоғам мемлекеттік басқаруда өзінің жеке-дара жолын таба білуі керек.  Осы орайда Астана хабының әлемге көрсетіп жатқан қызметі айырықша.

Иветта Реинхолд, Латвия Университетінің профессоры:

- Бұл кітаптың жарық көргеніне ерекше қуаныштымын. Екі жылдық еңбектің нәтижесі болашақта орын алатын реформаларға жол сілтеп, бағыт көрсетеді деген үміттемін. Ал жалпы Қазақстандағы реформаларға келетін болсақ өзгерістердің болып жатқаны қуантарлық жайт. Бастысы, Қазақстан Еуропадағы реформаларды әрқашанда ескеріп жүреді. Мемлекет халықтың мүддесі үшін жұмыс істеуі қажет. Бұл қарапайым идея, бірақ өте маңызды идея. Кез келген реформа халыққа пайда әкелу керек және мелекеттік басқарудың өзгеріп жатқанын сол халық сезінуі қажет. Қазақстан 2013 жылмен салыстырғанда өте үлкен жетістікке жетті деп айта аламын. Ол сырт көзге байқалады.