Қазақстан – Еуроодақ: санкциядан тыс ынтымақтастық  

Қазақстан мен Еуроодақ барлық деңгейде ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрлық елдері қазақстандық өнімге қызығушылық танытып отыр. Ал Одақтың Ресейге қатысты санкциялары біздің елге еш әсер етпеуі тиіс. Брюссельде «Қазақстан-Еуроодақ» ынтымақтастығы комитетінің 19-отырысы өтті. Жиында былтыр қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары кезіндегі уағдаластықтың іске асуы сөз болды.  

Қазақстан мен Еуроодақ саяси, сауда-экономикалық, құқықтық, көлік, энергетика, білім беру, ғылым, қоршаған ортаны қорғау секілді түрлі салада ытымақтастық орнатқан. Еліміздің делегациясын бастап барған сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуроодақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі саналатынын айтты. Еліміздің сыртқы саудасы мен тікелей шетелдік инвестицияларының 40 проценті осы одақтың үлесіне тиесілі.   

Роман Василенко, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Бүгін Еуроодақ өкілдерімен ынтмақтастықтың түрлі бағыттарын талқыладық. Одақ шекара қауіпсіздігі, білім беру, есірткі саудасымен күресте қарым-қатынасты нығайту бойынша бірнеше жылдық бағдарламаларды да іске асырып келеді. Олардың аясында Қазақстан мен Орталық Азиядағы жобаларға ақша бөлу қарастырылған. Бүгінгі басқосу барысында Еуроодақ өкілдері осындай жобаларды қаржыландыруды арттыруға дайын екендерін айтты.

Люк Девинь, ЕО Ресей, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары:

– Қазақстан мен Еуроодақтың достығы бұрыннан жалғасып келеді. Арадағы ынтымақтастық 29 саланы қамтиды. Бұл екіжақты және аймақтық серіктестікке қатысты. Ондағы Қазақстанның рөлі маңызды. Еуроодақтың дипломатия басшысы Жозеп Боррель биыл Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға баруды жоспарлап отыр. Біз ынтымақтастығымызды нығайта береміз. 16 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен Жаңа Қазақстанды құру бағдарламасының іске асуын қызығушылықпен бақылаймыз. Президенттің айтқаны біздің құндылықтарымызбен үндеседі.

Еуропалық әріптестерімен кездесу барысында Роман Василенко Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларының Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық байланысқа кері әсерін болдырмаудың маңыздылығына тоқталды. Еуропалықтар шектеу шаралары Қазақстанға қарсы бағытталмағанын айтты. 

Роман Василенко, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Еуропалық одақ өкілдері бізбен ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі. Олар еліміздің Украинадағы шиеленіске қатысты ұстанымын біледі. Сондықтан Қазақстанның экономикалық жағынан зардап шекпеуі керек екенін түсінеді. Әрине Ресейге салынған санкциялардың экономикалық салдары бізге де әсер етіп отыр. Еуроодақ өкілдері соның кері әсерін азайту үшін бізбен бірге жұмыс істеуге дайын. Өйткені қазақстандық мұнайға ешқандай санкциялар салынған жоқ. Салынбайды да. Енді бізге қазіргідей жағдайда сол қара алтынды жеткізу механизмдерін қарастыру керек.   

Еуроодақ өкілдері қызығушылық танытып отырған көлік дәліздерінің бірі - Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Роман Василенко еуропалық әріптестеріне оның артықшылықтары туралы айтып, бұл бағдарды қолдану Еуроодақтың «Жаһандық қақпа» стратегиясының мақсаттарымен үндесетінін атап өтті. Еуродепутаттармен кездесу барысында жасыл энергияны дамыту, Еуропалық батарея және шикізат альянсымен серіктестік орнату, климаттың өзгеруімен бірлесе күресу, 2060-шы жылға дейін Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жоспары талқыланды. 

Клемен Грошель, Еуропарламенттің Қазақстан бойынша тұрақты баяндамашысы:

– Қазақстанның экономиканы көміртексіздендіру бойынша ұлттық жоспары туралы біліп қатты таңқалдым. Ол елдеріңіздің бұл бағытта Еуроодақты үлгі ететінін көрсетеді. Біздің ынтымақтастық орнату үшін мүмкіндіктеріміз жетіп артылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстанның демократияға бет бұруына жаңа серпін береді. Егер бәрі жоспарға сай өтсе, одан да тығыз ынтымақтастық орнату үшін мол мүмкіндік туады. 

Делегациялар «Орталық Азия-Еуроодақ» деңгейіндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ биылға жоспарланған іс-шараларды да талқылады. Енді «Қазақстан-Еуроодақ» серіктестік кеңесінің келесі екіжақты отырысы маусымға жоспарланып отыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов