Бұрынғы вице-министр Үкімет басшысының кеңесшісі болып тағайындалды

Бибігүл Амангелдіқызы Асылова Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат хабарлады.

Бибігүл Асылова әлеуметтік блок бойынша кеңесші қызметін атқармақ.

Еске сала кетсек, Бибігүл Асылова осыған дейін берген өтінішіне сәйкес Білім және ғылым вице-министрі қызметінен босатылған еді.

Бибігүл Асылова 1975 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Ақмола қаржы-экономикалық техникумын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы Көкшетау облыстық қаржы басқармасының бюджет бөлімінің жоспарлау, білім беруді және мәдениетті қаржыландыру бөлімінің маманы қызметінен бастады.

1994-1998 жылдары — Көкшетау және Петропавл қалаларының мемлекеттік органдарында маман болып жұмыс істеді.

1998-2016 жылдары — ҚР Қаржы министрлігінің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің, Мәдениет министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымдарында жұмыс істеді.

2016 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР білім және ғылым вице-министрі қызметін атқарды.