Әлеуметтік мәселе нақты әрі жүйелі түрде шешілуі тиіс – Е.Қошанов

Мәжіліс депутаттары елді мекен тұрғындарының мыңнан астам әлеуметтік мәселесін Үкіметтің қарауына ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы тұста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы депутаттардың өңірлердегі түйткілдерді шешуге атсалысуын күшейту жөнінде тапсырма бергенін айтты. Оның айтуынша, ел ішінде ауызсу және тұрғын үймен қамтамасыз ету, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттауы, мектеп құрылысы, жол жөндеу, интернет сапасын жақсарту сияқты мәселе көп.

Ерлан Қошанов ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Проблемалардың бәрі нақты әрі жүйелі түрде шешілуге тиіс. Олар депутаттардың жіті бақылауында болады.Әрбір мәселенің артында адамдардың тұрмысы мен тағдыры тұр. Осыны әр депутат, министр мен жергілікті билік өкілдері терең түсінуге тиіс. Қазір еліміз үлкен өзгерістердің алдында тұр. Президент ірі саяси реформалар жариялады. Ол реформалар қарқынды жүзеге аса бастады. Ал біз – Парламент, Үкімет, жергілікті билік – бәріміз бір кісідей жұмылып, қоғамда қордаланған мәселелерді шешуде жедел әрекет етуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда біз Мемлекет басшысының қарқынына ілесе білуіміз керек.