Президент елорда әкіміне ел пікірін ескеруді тапсырды

Биыл елордада 200-ден астам аула мен қоғамдық орындар абаттандырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында айтты. Шаһар басшысы бірінші тоқсанды қорытындылап, әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму жөнінде есеп берді.

Атап айтқанда, сорғы-сүзгіш станциясының құрылысы, нөсер кәріздері, кәріздік тазарту құрылыстарын жобалау, газды қазандықтар мен басқа да нысандар туралы баяндады.

Биылғы үш ай ішінде 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Қала экономикасына 154 миллиард теңгеден астам қаржы тартылған. Жекеменшік сектордан инвестиция тарту көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3 процентке өскен. 2021 жылы 1,2 триллион теңгеден астам қаржы тартылды. Президент қала жұртшылығының пікірін ескере отырып, елорданы жоспарлы түрде одан әрі дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.