476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

10 елден келген елшілер Қазақстандағы қызметіне кірісті

  • 197
  • UPD: 20:50, 19.04.2022

Бүгін Ақордада 10 елші Президентке сенім грамотасын тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарды Қазақстандағы миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне өткенімізді айтты. Куба, Бангладеш, Доминикан Республикасының, Аргентина, Перу, Нигерия, Лаос, Чад, Руанда, Бенин елшілері сенім грамотасын ұстап Ақордаға келді. 10 елші салмақты құжатты Президентке тапсырып, біздің елдегі қызметіне кірісті.

Елшілердің арқалап келген жүгі ауыр. Сол міндетті мінсіз атқаруын тілеп Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге құттықтауын жеткізді. Сосын кейінгі отыз жылда әлемнің ең күрделі кезеңге тап болғанын атап өтті. Коронавирус болды, одан енді ес жия бергенде халықаралық қатынаста ахуал шиеленісті. Қазір дүниеде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр. Президент «қақтығыстардың Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес тез және әділ реттелетініне сенем» деді. Бұдан соң еліміздің жаңа кезеңге қадам басқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне өткенімізді жариялап, мемлекеттік билікті бұрын-соңды болмаған орталықсыздандыруға, үйлесімді және тепе-теңдік жүйесін нығайтуға кірістік.

Әлемдегі дүрбелеңнен қазір экономика не болады екен деп отырған шақ. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл орайда «шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерімізге алаңдайтын негіз жоқ» – деді. Қазақстан томаға-тұйық саясат ұстанымынан ада.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің Үкімет ұлттық экономиканың ашықтығына, келісімшарттарға қол сұғылмауына және жемқорлықпен аяусыз күреске бейілділігін сақтайды. Бұл реформалар тарихымыздағы бетбұрыс кезеңін білдіреді. Біз тұралап қалу емес, қарқынды даму жолын таңдаймыз.

Бұл дипломаттар енді Қазақстан мен өз елдерінің арасына алтын көпір болады. Қазақ мұны «елдестірмек елшіден» деген.

Адам Бешир Махамуд, ЧАД республикасының Қазақстандағы елшісі:

– Қазақ жеріне табан тірегеніме қуаныштымын. Керемет ел. Кеңпейілді халық. Екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту ісінде аянып қалмаймын деп сөз бердім. Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін тағы бір мәрте рахмет.

Франк Ганс Данненберг Кастельянос, Доминикан республикасының Қазақстандағы елшісі:

– Біз Қазақстан мен Доминикан Республикасы арасындағы байланыстың жандануына мүдделіміз. Әсіресе коммерциялық, сауда қатынастары жақсы жолға қойылған. Біздің тауарларымыз Орталық Азияға елдеріңіз арқылы өтеді. Яғни Қазақстан осы төңіректегі басты серіктесіміз. Менің қызметім кезінде де бұл әріптестік жаңа деңгейге шығады деген сенімдемін.

Қазақстан барлық елмен өзара тиімді әрі достық қарым-қатынасты нығайтуға ниетті. Президент сөз соңында осыны жеткізді. Сосын дипломаттар арқылы мемлекеттердің басшыларына жүрекжарды сәлемін жолдады.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Алмас Омарғалиев

 

Хабар 24 телеарнасы