Ата заңның жаңғыруы: екінші республиканы құру кезеңі

Парламенттің қос палатасын жасақтау тәртібі өзгереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргідей аумалы-төкпелі заманда Конституцияны жаңғырту уақыт оздырмай, қолға алынуы тиіс шара. Бүгін конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы өзгерістер мен толықтырулардың бір парасын таныстырды. Конституцияны реформалау жөніндегі жұмыс тобы әзірлеген жоба Парламент пен жергілікті өкілетті органдардың рөлін күшейтуді көздейді. Палаталарды жасақтау тәртібі мен олардың қызметі айтарлықтай өзгермек. Атап айтқанда, заң қабылдау құқығы Мәжіліске тиесілі болады. Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау не мақұлдамау құқығы беріледі. Ал жалпы Ата заңға қатысты өзгерістер қос палатаның бірлескен отырысында мақұлданады.

Бақыт Нұрмұханов, конституциялық кеңес аппаратының жетекшісі:

Президенттің Сенаттағы квотасы 15-10-ға дейін қысқартылып, оның бесеуін ҚХА-сы ұсынатын болады. Мәжіліс сайлауында аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Мәжілістің 30 процент депутаттары бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады. Және сайлауалды уәдесін орындамаған депутатты сайлаушылар кері қайтаруына мүмкіндік алады.

Конституциялық кеңес аппаратының жетекшісі келтіргендей, жобаның ауқымды бөлігі адам құқықтары мәселелеріне арналған. Оның ішінде Конституциялық сот құру қарастырылады. Жалпы, конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік қауымдастыққа мүше 118 мемлекеттің 70-сінде конституциялық сот құрылған. 12 мемлекетте конституциялық кеңес жұмыс істейді, өзгелерінде бұл қызметті жоғары сот және басқа да органдар іске асырады. Қазақстан болса, барлығыны саралап, ең тиімді моделін таңдап отыр.

Бақыт Нұрмұханов, конституциялық кеңес аппаратының жетекшісі:

– Конституциялық бақылау органдары Ата заңның талаптарын жүзеге асыруда маңызды рөль атқарады. Бұл негізінен Ата заңның нормаларына түсіндірме беру, Конституциялық дауларды шешу, қолданыстағы заңнаманың конституциялық талаптарға сәйкестігін тексеру арқылы жүзеге асады.

1995 жылдан бері елімізде Конституциялық кеңес жұмыс істеп келеді. Реформаға сәйкес, Конституциялық сот құрылғанымен, кеңес заңдық күшін сақтайды. Қарапайым азаматтармен қатар, үнемі адам құқығын бұзу жағдайларын қарайтын Омбудсмен институты мен Прокуратура да конституциялық сотқа жүгіне алады.

Абзал Бекбосынов, қорғаушы:

Адам құқығын қорға жөніндегі өкілеттілікті күшейтіп отыр. Өкілеттік алған тұлға заңға сәйкес жеке өзі абақтыда жатқан тұлғалармен жолығып, тыңдап жұмыс істеп соны талқылауға ала алады. Өкілетттігі былайша айтқанда шексіз. Керек кезінде кеңес бере алады. Барлығы заң шеңберінде.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Конституциялық өзгерістер бойынша арнайы жұмыс тобы өз жұмысын аяқтады. Тамыздың аяғына дейін аталмыш өзгерістерді конституциялық заңнамалар мен өзгеде заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы нақты ұсыныстер берілетін болады және жылдың соңына дейін парлемент арқылы дауыс беру арқылы осы өзгерістерді қабылдау туралы шешім жылдың соңына жұмыс күшіне ену керек.

Иә, саясаттанушылардың пікірінше Конституцияға енгізілген өзгерістерге қарай тиісті заң нормаларын сәйкестендіру қажет. Бұған кем дегенде бірнеше айдың көлемінде уақыт кетеді. Бұл үдерісті Президент Екінші республика ретінде белгіледі.

Авторы: Бақыт Топтаева