Қазақстан елшісі Түркия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан елшісі Түркия Президентіне сенім грамоталарын тапсырды
СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан елшісі Еркебұлан Сәпиев Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанға сенім грамоталарын және АӨСШК саммитіне қатысуы үшін Мемлекет басшысы атынан ресми шақыру хатының түпнұсқасын табыстады, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Президентік сарайда өткен салтанатты рәсімде қазақстандық дипломат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең ізгі тілектерін жеткізіп, елімізді одан әрі демократияландыруға бағытталған жаңа реформалармен, экономикалық жаңғыртудың өзекті бағдарламаларымен және Қазақстанның халықаралық бастамаларымен таныстырды.

Өз кезегінде Р.Ердоған еліміздің жетістіктеріне және ҚР Президенті бастамасымен қолға алынған саяси реформаларға жоғары баға берді және де инвестиция, сауда-экономикалық, энергетикалық, транзит-көліктік, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты және көпжақты өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту жөнінде пікірлерімен бөлісті.

Кездесу соңында Қазақстан елшісі Түркияның Президентіне жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, бауырлас екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға бар мүмкіндігін жұмсауға әзір екенін білдірді.