Мемлекет басшысы Жапонияның Сыртқы істер министрін қабылдады

Мемлекет басшысы астанаға ресми сапармен келген Жапонияның Сыртқы істер министрі Ёшимаса Хаяшиді қабылдады.

Кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ёшимаса Хаяшиге ілтипат білдіріп, екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілету үшін оның бұл сапарының мәні зор екенін атап өтті.

– Жапония – еліміз үшін достас мемлекет. Біз екіжақты қатынастарды жоғары бағалаймыз. Биыл екі ел арасындағы қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл – тарихи белес. Осы кезең ішінде конструктивті ынтымақтастық орнаттық, стратегиялық серіктестікті кеңейттік. Бұл өзара атқарған жұмыстың оң нәтижесі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сауда және инвестициялық ықпалдастықтың әлеуеті зор екеніне назар аударып, Жапониямен арадағы көпжақты экономикалық байланыстарды күшейтуге ниетті екенін айтты.

Ёшимаса Хаяши Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды қолдады және Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігеріне жоғары баға берді.