Бюджет ақшасын оңды-солды шашпау керек – М.Әшімбаев

Бюджет қаржысын оңды-солды шаша бермей, тиімділігін арттыру қажет.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңды қарау барысында осылай деді. Сенат төрағасы, республикалық бюджетті қалыптастыруда жаңа тәсілдер керектігін айтты. Бөлінетін қаржы мен жоспарланған жұмыстың нәтижесі нақты болуы маңызды. Сондықтан бұл мәселені депутаттар бақылауда ұстайтын болды. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев, қазіргі шығындарды Ұлттық қордан емес, республикалық бюджеттен қаржыландыру керек деп есептейді. Айта кетсек, бүгінгі түзетулер аясында сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4 пайызға артады. Жалпы зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11 процентке өседі.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бюджетті қалыптастыру ашық әрі тиімді жүруі тиіс. Республикалық бюджеттің әр теңгесі орынымен бөлініп, тиімді жұмсалуы тиіс. Ұлттық қордың да қаржысын дұрыс пайдаланған жөн. Бюджет дефицитін сырттан қарыз алып қаржыландыру мәселесін де пысықтаған абзал. Қарызды көбейте бермей, бар қаражатты дұрыс пайдалану қажет. Сондықтан бюджетті қараған кезде нәтиже бермейтін науқандық шараларды қаржыландыруға жол берілмеуі керек.