5 маусымда республикалық референдум өтеді

Тура бір айдан кейін, яғни 5 маусымда республикалық референдум өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеүндеуінде осылай мәлімдеді.

Саяси жүйені түбірімен өзгертіп, мемлекеттік басқару ісіне атсалысу үшін азаматтарға кең мүмкіндіктер беру - Президенттің биылғы Жолдауында айтылған бастамалардың негізгі мақсаты осы. Және бұл халықтың көкейінде көптен бері жүрген мәселе еді. Демократияландыру үдерісін тиімді жүргізу үшін әрине алдымен Ата заңға өзгерістер енгізу қажет. Осы ретте Президенттің тапсырмасымен құрамына белгілі заңгерлер, саясаттанушылар мен сарапшылар енген арнайы жұмыс тобы құрылып, конституциялық өзгерістердің жобасы әзірленді.

5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы

2022 жылғы 05 мамыр

Қазақстан Республикасы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

 

  1. 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзiлсiн.

 

  1. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылсын.

 

  1. Осы Жарлық және «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы 2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жариялансын.

 

  1. Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелсiн.

 

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен, Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарымен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

 

  1. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.