Референдум: Алматыда қоғамдық штаб құрылды 

Алматыда референдумға қолдау көрсету мақсатында қалалық қоғамдық штаб жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге оның құрамына 20-дан аса қоғам белсендісі кірді. Олардың арасында ардагерлер кеңесі мен үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері  бар. Қоғамдық штабтың құрылуына орай баспасөз мәслихаты өтіп, жұмыс жоспары бекітілді.

Алматылықтар да Мемлекет басшысының  жалпыхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамасын қолдайды. Конституцияға қатысты түзетулер бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешілуі тиіс, деп санайды. Жаңадан құрылған референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі штаб мүшелерінің айтуынша, халық ауқымды саяси өзгерістерге дайын.

Рахман Алшанов, референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі штабтың төрағасы: 

Негізгі қазіргі мақсат халық арасында ұйымдарға барып түсіндіру не үшін керек екенін. Маңыздылығын жеткізу. Конституцияға қандай өзгерістер кіріп жатыр. 33 бапқа өзгеріс енгізетін болды соны айтамыз әр ұжымдармен.

Референдум – демократиялық жүйенің бір көрінісі болғандықтан, онда халықтың таңдауы, қоғамның пікірі ескеріледі. Саяси ғылымдардың докторы Жомарт Симтиковтың пікірінше, осының бәрі Жаңа Қазақстанды құруға негіз болмақ. Ол алматылықтар саяси науқанда белсенді болады деп сенеді.   

Жомарт Симтиков, саяси ғылымдар докторы:

– Алматы қаласының тәуелсіздіктің алтын бесігі ретінде өзінің алатын орны бар. Бұл жер шындығында Қазақстан Республикасындағы өте ірі мегополис. Мәдени орталық және сондай-ақ, бұл жерде қазақ зиялыларының, студенттік қауымның, жалпы демократиялық процестердің қазанының қайнап отырған ортасы.

Расында Алматыда халық тығыз орналасқандықтан, қоғамдық штабқа үлкен міндет жүктеліп отыр. Бүгінде бір ауданның өзіндегі халық саны 300 мыңға жуықтаған. Сондықтан мұндай штаб әрбір ауданда құрылады деген жоспар бар.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон