Қазақстан мен Түркия Президенттері кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды

Қазақстан мен Түркия Президенттері кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды
Ақорда

Тараптар осы мәлімдемені қабылдау арқылы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24» Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік сапардың екі ел арасында саяси, әскери, қорғаныс, қауіпсіздік, экономика, сауда, инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, туризм, энергетика, экология, көлік және транзиттік тасымал, авиация, отбасы және әлеуметтік қызметтер, еңбек және жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы, апаттар мен төтенше жағдайлар, мәдениет, білім, ғылым және технологиялар, инновациялар, баспасөз және коммуникациялар, денсаулық сақтау, жастар және спорт, архив салаларындағы ортақ мүдделерге негізделген ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан маңызды белес болғаны аталып өтті.

Осы ретте қос тарап 2022 жылғы 3-4 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан – Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясы 12-отырысының және 2022 жылғы 24 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобы 7-отырысының нәтижелерін жоғары бағалап, ҮЭК отырысында 68 баптан тұратын іс-қимыл жоспарының қабылданғанына ризашылығын білдірді.

Тараптар аталған тетіктердің өңірлік және халықаралық оқиғаларға қоса, екі ел арасындағы қарым-қатынастар тұрғысынан ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен жобаларын дамыту үшін пайдалы негіз болып табылатынын және барлық салалардағы қарым-қатынастар мен ынтымақтастыққа жоғары деңгейде серпін мен бағыт-бағдар беретінін атап өтіп, оларды жүйелі түрде ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.

Өзара достық пен түсіністік жағдайында өткен кездесулер барысында Қазақстан – Түркия байланыстарының қазіргі жағдайын және қарым-қатынастарды барлық салаларда одан әрі дамыту және тереңдету мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Тараптар Түркия 2019 жылы жариялаған «Жаңадан Азия» бастамасының екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік қарым-қатынастарына өзара тиімділік негізінде одан сайын серпін беруін күтетіндерін білдірді. Түрік тарапы бауырлас Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы, саяси тұрақтылығы мен әл-ауқатына деген өзінің берік қолдауы мен өзара жәрдемдесуін тағы да атап өтті.

Қазақстан тарапы бұл тұрғыда Түркияның және Түркия ісбасындағы төрағалығын жүзеге асырып отырған Түркі мемлекеттері ұйымының көрсеткен қолдауына ризашылығын білдірді. Түрік тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға деген берік қолдауын растады.

Осы ретте Тараптар 2022 жылғы 2 наурызда Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы аталып өткенін еске сала отырып, екі бауырлас елдің ортақ тарих, тіл және мәдениетке негізделген қарым-қатынастары мен ынтымақтастығын тиімді түрде дамыта беруге әрі өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосатындай ынтымақтастықты тереңдетуге деген ниеттерін қуаттады. Қазақстан-Түркия арасындағы саяси диалогты түрлі деңгейдегі өзара сапарлар мен кездесулер арқылы жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар 1994 жылғы 17 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісімнің, 2009 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің, Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі отырыстарының қорытындылары бойынша қабылданған бірлескен мәлімдемелер және басқа да екіжақты шарттар мен келісімдердегі ережелерді басшылыққа ала отырып, мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына қазақстандық делегацияға көрсетілген қонақжайлылығы мен ыстық ықыласы үшін алғысын білдірді және Түркия Республикасының Президентін 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланған АӨСШК Саммитіне шақырды.

АӨСШК Саммиті аясында Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысын Нұр-Сұлтан қаласында өткізуге келісті.

Екі ел президенті осы Бірлескен мәлімдемеге 2022 жылғы 10 мамырда Анкара қаласында қазақ және түрік тілдерінде қол қойды.