Конституциядағы өзгеріс партиялық жүйені дамытады – Сарапшы

Конституциядағы өзгерістер партиялық жүйені жаңа даму сатысына көтереді. Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев осылай дейді.

Бүгін "Sarap" эксперттік клубының отырысында «Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау» тақырыбы талқыға түсті. Сарапшылар конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулермен таныстырды. Ол үшін өңірлерді аралап, қарапайым тілмен саяси қадамдардың маңыздылығын түсіндіру қажет дейді. 

Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:

- Көбіне қандай баптар өзгертіледі? Алда қандай жаңашылдықтар болайын деп жатыр? Қоғам тарапынан осындай сұрақтар бар. Ең ауқымды өзгеріс мәслихаттардың ролінің күшеюі. Конституциядағы өзгерістер партиялық жүйені жаңа даму сатысына көтереді. Қазір аудандық, қалалық мәслихаттардың бәрі 100 пайыз мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Кезінде «партияға кіргіміз келмейді, өзімізді қалай ұсынып сайланамыз» деген сұрақ туындайтын еді. Ал бүгінгі өзгерісті көріп отырсыздар. Облыстық мәслихаттардың 50 пайызы мажоритарлық, қалған 50 пайызы партиялық жүйе бойынша сайланады. Сондай-ақ облыс әкімдерінен кем дегенде екі кандидатура ұсынылады және облыстағы бүкіл мәслихат депутаттарының дауыс беру нәтижесінде облыс әкімі тағайындалатын болады.