Қызылордада саяси реформалардың бағыттары талқыланды

Қазақстан Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына жаңа кезеңдермен, жаңа саяси реформалармен қадам басты. Ел жаңғыруының айқын дәлелі ретінде Мемлекет басшысының Конституцияға өзгерістер енгізу жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осы ретте конституциялық реформаның негізгі бағыттарын електен өткізіп, сырбойылық жұртшылықтың пікірін тыңдау үшін өңірге Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин арнайы барды.

Қызылорда облысына Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге келген Ерлан Қарин алдымен облыс активімен кездесіп, саяси реформалардың негізгі бағыттарын саралап өтті.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Бұл реформалар өте ауқымды. Ата Заңда 98 бап бар болатын болса соның 33-іне өзгерістер енгізілейін деп отыр. Яғни үштен бірі. Мәселе тек сан жағынан емес, мазмұны жағынан да терең өзгерістер. Себебі бір сөзбен айтар болсақ билік тармақтары арасындағы тең қарым-қатынас орнату.

Сыр еліне сапары аясында Ерлан Тынымбайұлы шығармашылық зиялы қауым өкілдері және облыстың қоғамдық кеңес мүшелерімен де жүздесіп, білім, мәдениет және өскелең ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беру мәселелерін кеңінен талқылады. Қоғам өкілдері елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен жалпыхалықтық референдум өткізудің маңыздылығын атап өтті. Кездесуде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов саяси реформалар мен конституциялық өзгертулерді әзірлеу барысындағы талқылауларға сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің көптеп қатысқанын атап өтті. Нәтижесінде жұртшылық ұсыныс-пікірлерінің басым бөлігі ескерілгенін жеткізді. 

Мұрат Әбенов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Осы уақытқа дейін конституциялар билік тек парламент арқылы өткізді. Мынау конституция керісінше халықтың билігін күшейтеді. Билік басындағылар өзара бөліністі басқаша жасайды. Сол себептен алдағы референдумда барлығымыз бір ауыздан жаңа конституцияға өзгерістерді қолдауға шақырамын. 

Мұхтар Ниязов, айтыскер:

- Мемлекеттің басты байлығы адам. Адамның басты байлығы ол сенім деп ойлаймын. Референдум халықтың билікке деген сенімін қайтарса, бұдан үлкен пайданы көріп тұрған жоқпын.

Мемлекеттік хатшы өңірдің белсенді жастарымен де жүздесті. Кіші буын өкілдері жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағдарламаларының орындалу жайын көтерді. Жалпы кездесулер аясында аймақтың қоғам белсенділері Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен жалпыхалықтық референдум өткізу идеясын қолдады.

Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев