Сарапшы: Референдум – билікті халықпен бөлісу

Өскеменде «Sarap» эксперттік клубының алдағы референдумға қатысты аймақтық отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шараға саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен студенттер қатысты. Олар конституциялық реформаның маңызын талқылап, пікірлерімен бөлісті. Жиынның негізгі тақырыбы – алдағы референдум болды. Қатысушылар конституциялық реформаға қатысты ойларын ортаға салып, Ата заңның ел дамуындағы рөліне ерекше тоқталды. Олардың айтуынша, қазір еліміз дамудың жаңа жолына қадам басқалы тұр. Жалпы Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы өтті. Сол кезде қазіргі Конституция бекітілген болатын.

Самат Нұртаза, Қазақстанның қоғамдық даму институты төрағасының кеңесшісі:

– Бұл – еліміздің өміріндегі өте маңызды белес. Себебі соңғы 27 жылда Қазақстанда референдум өткен жоқ. Халық оның не екенін толық түсініп жатқан жоқ. Көбі сайлаумен шатастырып жатыр. Референдум – билікті халықпен бөлісу. Оның пікірін сұрап, кеңесуі. Осының бәрі елімізде демократизация мен либерализацияның болып жатқанын көрсетеді.

 «Sarap» клубының осы бағыттағы отырыстары өңірлерде өткізіліп келеді. Өйткені әрбір қазақстандыққа мемлекеттік басқару жүйесінің қаншалықты өзгеретінін түсіндіру аса маңызды.

Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:

Осы референдумда енгізілгелі жатқан өзгерістерді біздің халқымыз талдап, біліп, қандай өзгерістер болады? Ол бізге қалай әсер етеді? Қазақстан қай бағытта дамиды деген сияқты сұрақтарға өздерінің жауаптарын алады деп ойлаймыз. 5 маусым күні халқымыз дауыс береді. Халқымыз қолдайды ден сенемін. Себебі көптеген жаңашылдықтар, өзгерістер жасалып жатыр.

Бір атап өтерлігі, қоғам қайраткерлері қазір халық пен билік арасында диалог орнап жатқанына сенімді. Сондықтан қазақстандықтардың дауыс беру кезіндегі белсенділігі мен таңдауы еліміздің дамуына негіз болады, дейді сарапшылар.

Авторы:  Ғани Мұқашұлы