Әлихан Смайылов бүгін жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына да барды

Үкімет басшысы алдымен өңірдің әлеуметтік ахуалына көңіл бөлді. Атап айтқанда облыс орталығындағы мектептердің біріне тоқтап, білім саласындағы жаңалықтармен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде биыл 11 оқу ордасы қолданысқа берілуі тиіс. Бұдан бөлек 26 жаңа балабақша бүлдіршіндерді қабылдайды. Ақтөбе облысында 10 мың балаға мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшы. Премьер-министр биылғы жылдың бюджетін нақтылау кезінде Ақтөбе облысына қосымша 30 миллиард теңге қаржы бөлінгендігін атап өтті. Бұл қаражат сондай-ақ жаңа білім ордаларының құрылысына да жұмсалуға тиіс. Өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де басты назарда. Бұл орайда Үкімет басшысы Ақтөбедегі ірі логистикалық орталықтың жұмысымен танысты. Жылына 70 мың тонна тауар сақтайтын қойма бағаны қалыпты ұстауға сеп болмақ. Өйткені азық-түлік кұнының шарықтап кетуінің бір себебі маусымаралық кезеңдегі тапшылық.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– БҰҰ-ның деректері бойынша дүние жүзінде азық-түлікке баға 36 процентке өсті, соңғы 12 айдың ішінде 36 процентке. Ол енді бізге те тікелей әсер етіп жатыр. Бірақ біз барлық құралдарды, тетіктерді, механизмдерді қолданып, себепсіз бағаның өсуіне жол бермеуіміз керек. Сондықтан бір механизмнің бірі осындай логистикалық орталықтың жұмысы. Қол жетімді бағамен сатып алып, әрі қарай сондай қолжетімді бағамен халыққа сату өте қазір маңызды.