Кореяда Қазақстанның бас консулдығы ашылды

Пусан қазақ шаһарларының бірімен достық қарым-қатынас орнатуға ниетті. Бұл туралы корей мегаполисінің өкілдері Қазақстан елшісімен кездесуде айтты. Кореяның екінші үлкен қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылды. 

Владислав Цой, тілші:

- Пусан Кореяның екінші ірі қаласы, ал жергілікті теңіз айлағы әлемдегі ең үлкен бес порттың қатарына кіреді. Сондықтан бұл мегаполиске қызығушылық жоғары. Қазақстан - Пусан қаласында бас консулдық ашқан алтыншы мемлекет.

Пусан Сеулден 300 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондықтан осы аймақта тұратын Қазақстан азаматтары жаңа құжат алу үшін Сеулге баруға мәжбүр еді. Енді барлық мемлекеттік қызметті Пусанда ашылған Қазақстанның бас консулдығында рәсімдеуге болады. Ал жергілікті билік жаңа дипломатиялық өкілдік арқылы екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр.

Пак Ын Ха, Пусан қаласының халықаралық қатынастар жөніндегі елшісі:

- Қазақстанда Kей-поп және жалпы корей мәдениеті танымал екенін білеміз. Пусан туризм және кино орталығы. Сондықтан туризм саласындағы ынтымақтастығымыздың нығая түсетініне сенімдімін.

Чон Чжон Пхиль, Пусан қаласының халықаралық ынтымақтастык қорының бас хатшысы:

- 24-26 маусым аралығында біздің қор Қазақстан Елшілігімен бірлесіп, Пусан қаласында алғаш рет қазақ фильмдерінің кинофестивалін ұйымдастырады. Сонымен қатар Еуразия қалаларының форумына дайындық жүріп жатыр. Бұл форум Орталық Азия елдерімен тығыз байланыс орнатуға арналады.

Пусаннан Қазақстанға автобөлшектер мен мотор майлары тасымалданады. Ал елімізден осы теңіз порты арқылы мұнай мен уран келеді.

Бақыт Дүйсенбаев, Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі:

- 2021 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің сауда көлемі 3 миллиард 200 миллион АҚШ долларға жетті. Ал осы жылдың 3 айының нәтижесінде екі жақты сауда көлемі 1 миллиард 200 миллион АҚШ долларға жетіп отыр.

Қазақстанға инвесторлардың қызығушылығы айтарлықтай өсті. Ресей-Украина қақтығысына байланысты корей компаниялары өз өндірісін елімізге көшіру жолдарын қарастырып жатыр. Іскерлік ұсыныс көп. Сондықтан инвестиция тарту үшін Пусанда Қазақстан ұлттық компаниясының өкілдігін ашу туралы шешім қабылданды. Ол Бас консулдық ғимаратында орналасады. 

Айгүл Нуралина, Инвестицияларды тарту жөніндегі ұлттық компания өкілі:

- Сирек кездесетін металдарды өндіруге қызығушылық көрсетеді, олардың ішінде никель, кобальт, литий. Осы Оңтүстік Корея инвесторлары сондай саладағы жобаларға қызығушылық көрсетеді.

Пусан қаласында кәсіпкерлер мұнай-химия саласындағы ынтымақтастық туралы келіссөз жүргізеді. Өйткені бұл саланың ірі кәсіпорындары Кореяның оңтүстігінде орналасқан. Бұдан бөлек қазақстандық дипломаттардың басты мақсаттарының бірі корейлік технологиялар трансферті болмақ. 

Владислав Цой, Ольга Лян