Кореяда Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

Оңтүстік Кореяның өнеркәсіп орталығы Ульсан қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды.

Оны ірі компанияның басшысы Ли Сан Хун басқарады. Ол Ульсан, Тэгу, солтүстік және оңтүстік Кёнсан провинцияларында жұмыс істейтін болады. Құрметті консулдың міндеті Кореядағы қазақстандықтардың құқығын қорғау және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің консулдық патентін Ли Санг Хунға елшіміз Бақыт Дүйсенбаев табыс етті. Қазақстанның дипломатиялық миссиясының басшысы Ульсан басшылығымен кездесті. Осы қаланың вице-мэрі Қарағанды облысымен ынтымақтастықты қалпына келтіруге ниетті екенін атап өтті. Тиісті меморандумға 2010 жылы қол қойылған. Өңірдегі жетекші компания басшыларымен де келіссөздер жүргізілді. Ульсан Оңтүстік Кореяның барлық экспортының 20 процентін қамтамасыз етеді. Бұл қалада мұнай-химия және автомобиль, сондай-ақ кеме жасау өндірісі орналасқан.

Ли Сан Хун, Қазақстанның Ульсан қаласындағы құрметті консулы:

- Корей компаниялары пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге ғана емес, олардың ғылыми-техникалық зерттемелерін Қазақстан өнеркәсібіне енгізуге де мүдделі. Мен Қазақстанды ТМД-дағы тәуелсіз мемлекеттердің көшбасшысы және үлкен мүмкіндіктері бар ел деп санаймын. Ресейде жоғалтқан бизнес жобаларымыздың орнын Қазақстанда өтеуге болады.