Е.Тұқымов: Ауғанстан дағдарысы Орталық Азияға қауіпті

Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыс пен террористік топтардың белсенділігі көршілес елдерге де қауіпті болып келеді. Соғысқа қарамастан, ауған халқының саны 40 жылдан аса уақытта 15 миллионнан 39 млн-ға дейін өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тұрғындар негізінен гуманитарлық көмектің арқасында күн көрді. Қиын кезең ауған халқының көрші елдерге ағылуына әкелді. Босқындар көбейді, оның ішінде лаңкестік ұйымдар да жан-жаққа ығысып жатыр. Осының барлығы Орталық Азия елдеріне қауіп төндіреді, дейді Қазақстандық стратегиялық зерттеу институтының директоры Еркін Тұқымов. Сол себепті, Ұжымдық қауіспіздік шарт ұйымы аясында осы мәселені басты назарда ұстау міндет болмақ.

Еркін Тұқымов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры:

– Біз және бүкіл әлем Украинадағы жағдайға алаңдап, Ауғанстанға онша назар аудармай кеттік. Ең қиыны, ондағы жағдай өте шиеленісіп, дағдарыстың шегінде тұр деуге болады. Бір жағынан түрлі топтар үнемі белсенділік танытып жатыр. Оның ішінде террористік ұйымдар, әскери жасақтардың қатысуымен билік үшін азаматтық соғыс жалғасып жатыр. Тәліптер басымдыққа ие болғанымен, оларға қарсы топта осал емес. Олар біртіндеп ауғанстан аумағынан шығарыла ма, шығарылса, олар қайда барады? Бұл да үлкен мәселе. Орталық Азияға да ығысуы мүмкін ғой.