Amanat партиясының атқарушы хатшысы БҚО тұрғындарымен кездесті

Асхат Оралов Батыс Қазақстан облысындағы сайлау алды бағдарламаның орындау барысын тексерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тұрғындар және партия активімен кездесіп, алдағы референдумның маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ өңірде қордаланып қалған мәселелер сөз болды. Мәселен, Теректі ауданы Магистральное ауылының тұрғындары елді мекенге кірер жолдың сапасына шағымданды. Асхат Оралов осы жылдың бюджетін нақтылау кезінде аталған мәселе ескерілетінін айтты. Жергілікті әкімдік өкілдері болса, жылдың соңына дейін жол салынатынын уәде етті. Партияның атқарушы хатшысы одан соң Теректі ауданындағы емхана құрылысымен танысты.

Асхат Оралов, Amanat партиясының атқарушы хатшысы:

Теректі ауданында 40 мыңнан аса адам тұрса да, жеке емхана жоқ. Сондықтан осы мәселе депутаттар мен Үкімет мүшелерінің араласуымен сайлауалды бағдарламаға енгізілді. Бұл емхананың құрылысын аяқтауды міндетті түрде қолға аламыз. Келесі жылдың соңына дейін заманауи жабдықталған жаңа емхана пайдалануға беріледі.