Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы референдумның маңызын талқылады

Ата заңды ел болып өзгертеміз. Айталық, қазіргі Конституцияда 99 бап бар. Соның 33-іне түзету енгізу көзделіп отыр. Демек, алда ауқымды саяси науқан күтіп тұр. Ал оған бұқара болып ат салысу - ел ертеңі үшін маңызды. Сондықтан маусымда өтетін республикалық референдумда белсенділік таныту керек. Бүгін Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығынің өкілдері референдумның ролі мен маңызын талқылады.

Ширек ғасырдан астам уақыттан кейін өткелі отырған саяси науқаннан тыс қалу келешекке қиянат жасағанмен тең. Сондықтан ата заңдағы елеулі өзгеріске іскер әйелдер қауымдастығы да өз үлесін қоспақшы. Осы мақсатта Конституциялық реформаларды түсіндіру мәселелері жөніндегі республикалық штабқа жиналып, референдумның жай-жапсарын талқылады.

Сәния Ырысәлиева, қала бойынша іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі:

- Елдегі елеулі өзгерістер әйелдер қауымы үшін де маңызды. Енді біз партия құрып, халықтың үні бола аламыз. Жаңа жоба ұсынып, әкім болуға да ұсыныс бере аламыз. Қыз-келіншектер өте белсенді. Олар да өз ойын айтып, мемелекеттік маңызы бар істерге үлес қоса алады. Референдум әрбір іскер әйел үшін аса маңызды. Мәселен, қала бойынша 160, ал ел аумағында 2 мың кәсіпкер әйел бар.

Отыз жылда Ата Заңға 80-нен астам түзету енгізілген. Бұл жолы Конституцияның 33 бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізілмекші. Яғни құжаттың үштен бірі жаңарады. Президенттің өкілеттігі азайтылып, Парламенттің рөлі күшейтіледі.

Назгүл Мақжан, қалалық мәслихат депутаты:

- Қазақстан азаматтары азаматтық белсенділік танытып, әр тармағына араласуына, толық құқығын пайдалануға бет алса деймін.

Енді депутаттардың 70 проценті партиялық тізім бойынша сайланады. Ал қалған 30 проценті аумақтық сайлау округтері арқылы іріктеледі. Облыс және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары аралас сайлау жүйесі арқылы таңдалады.

Наргиз Бекмағанбетова, Ерлан Наурызбаев