Өзбекстанда елшілік жанынан дауыс беру учаскесі ашылады

Конституцияға өзгерістер енгізу туралы жалпыхалықтық референдумнан шетелдегі отандастарымыз да сырт қалмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің әр түкпіріндегі Қазақстан елшіліктері қазір саяси шараға қызу әзірлік үстінде. Іргелес Өзбекстанда елшілік жанынан арнайы дауыс беру учаскесі ашылады. Консулдық мамандары тұрақты жұмыс істейтін немесе білім алып жүрген 18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының тізімін жасақтауға кірісті. Әзірге олардың саны 500-дің шамасында болады деп болжанып отыр. Бірақ 5 маусым күні қатары толығуы мүмкін. Елге уақытша сапарлап барғандар да референдумда таңдау жасай алады. Маңызды шара қарсаңында қазақстандық дипломаттар жергілікті сарапшылармен кездесіп, Ата заңға ұсынылған өзгерістерді талқылады. Мамандар мұндай бағыттағы референдум жақын арада Өзбекстанда да өткізілуі мүмкін екенін алға тартты.

Бақыт Нұрманбетова Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің консулы:

Сол күні бізге келеді. 5 маусым күні. Нақты ол кісіге бюллетень беріледі. Ондай құқығы бар. Кез келген себеппен келіп, қандай жағдай болса да бізге келіп дауыс береді. Емделуге немесе, саяхаттап келсе де.