Қытаймен екі арада радиоактивті заттарды заңсыз өткізуді тыятын заң қабылданды

Сенат Қазақстан мен Қытай арасында Ядролық және радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялы қауіпті заттарды заңсыз өткізуге тыйым салатын заң қабылдады.

Бұл құжат кедендік бақылау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бермек.

Атап айтқанда, заманауи технологиялар енгізіліп, бірлескен оқу-жаттығулар мен семинарлар өткізіледі. Бұдан бөлек радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тараптар халықаралық мiндеттемелердi орындайды. Екіншіден, құжатта кедендегі өткізу бекеттерінде радиациялық бақылау жүргізу, азаматтардың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету де қамтылған.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - қаржы министрі:

- Үшіншіден, тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес, әкелуге тыйым салынған ядролық, радиациялық қауіпті заттарды ел аумағына тасымалдауға жол бермеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда радиация аясы белгіленген нормалардан асатын тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдауға қатысты Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптары сақталмаған жағдайда мұндай тауарларды екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкетуге жол берілмейді.