Қазақстан – Түрікменстан дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация Ашхабадқа жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24» Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердымухамедовпен кездесу барысында биылғы жыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толатын айтулы жыл екені атап өтілді.

Тараптар сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы Қазақстан – Түрікменстан ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 24-25 қазандағы Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ сапар аясында Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасарлары Шахым Абдрахмановпен, Чары Гылыджовпен және Эсенмырат Оразгельдиевпен жеке келіссөздер жүргізілді, онда экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың практикалық шаралары егжей-тегжейлі қаралды.