Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің шақыруымен Вашингтон қаласына іссапармен барды. Кездесуде тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұхтар Тілеуберді «Жаңа Қазақстан» құрудың саяси негізі іспетті конституциялық реформаға қатысты жалпыұлттық референдум жөнінде құлағдар етті. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Мемлекет басшысының реформаларына қолдау білдіріп, олардың іске асырылуы Қазақстанның саяси жаңғыруына ықпал ететінін атап өтті.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтоны Блинкеннің шақыруыменен қазіргі таңда мен Вашингтонда ресми іс сапармен келдім. Бүгін Энтони Блинкенмен екіжақты келіссөздер өткіздік. Келіссөздер барысында біз мына 30 жылдық арасында ынтымақтастығымызды жоғары деңгейде көтеріп , қазіргі таңда бұл кеңейтілген стратегиялық әріптестікке дейін жетті. Әрине америкалық тарап Қазақстанда болып жатқан конституциялық реформаларға қызушылық танытуда. Бұған қоса энергетика мен сауда министрліктерінде кездесулер де өтті. Кездесулер барысында біз батыс елдерінің енгізген санкциялары Қазақстан экономикасына әсерін тигізбеу мәселесі талқыланған болатын. Америкалық тарап бізді қолдауда сенім білдірді.

Екі күндік шара барысында Мұхтар Тілеуберді Ақ үйде, АҚШ Конгресінде, Сауда министрлігінде кездесу өткізіп, іскер топтар өкілдерімен де жүздесті. Сонымен қатар АҚШ Энергетика министрінің орынбасары Дэвид Туркпен келіссөздер жүргізді. М.Тілеуберді Қазақстан АҚШ-тың энергетика және ядролық қаруды таратпау саласында сенімді әріптесі екенін білдірді.