Жамбыл облысында референдумға 700 мыңға жуық адам қатысуы мүмкін

Қазір өңірде саяси науқан алдындағы халықпен кездесу, мән-маңызын түсіндіру шаралары қызу жүріп жатыр.

Бүгін өңірге «Amanat» партиясы арнайы республикалық штабының мүшелері барды. Олар бірқатар жоғары оқу орындарының студенттерімен, мектеп мұғалімдері және медицина саласының қызметкерлерімен кездесті. 5 маусым күні өтетін референдумға қатысты жұрттың пікірін тыңдап көкейде жүрген сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар ауылдарда кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың да ойын біліп, маңызды науқанның мәнін түсіндірді.  Алдағы саяси шарада Ата заңның үштен бір бөлігі өзгертілетіні белгілі. Бұл елімізді жаңа Қазақстанға бастайтын референдум болмақ. Штаб мүшелері ауылға арнайы барып тұрғындарды осы ел Конституциясы өзгеретін тарихи күннен тыс қалмай белсенділік танытуға шақырды.

Берік Уәли, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:

- Конститутцияға енгізіліп отырған 33 өзгеріс, баптың барлығы да соңғы жылдары халықтың арасында жиі талқыланып, осылай неге болмайды деп жүрген мәселелердің барлығын қамтып халыққа ұсынып отыр. Сол себепті мұның барлығын біз халықпен кездескенде айтып, тәтпіштеп түсіндіріп жеке-жеке сұрақтарға жауап беріп отырмыз+ Егерде осындай дұрыс түсіндірілген, халыққа жеткен мәселелерде көп сұрақ та туындамайды. Және де ертеңгі күні референдумға баруға өздерінің азаматтық борышы екендігін біліп соған қатысады деп ойлаймын.