Қазақ-қырғыз шекарасы маңында логистикалық орталық салынады

Бүгін мемлекет басшысының Бішкекке жасаған ресми сапары барысында оннан астам құжатқа қол қойылды, соның ішінде Алматы мен Ыстықкөл, Түркістан мен Ош, Жамбыл мен Талас аймақтарының арасын жақындастыру туралы келісімдер бар.

Тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар таситын делдалдарды азайтып, тұтыну тауарларының құнын қымбаттатпау үшін «Қарасу»-«Ақ тілек» бақылау тексеру пунктінде сауда-логистикалық орталық салу туралы меморандумға қол қойды. Сауда және интеграция министрлігі алдағы 3 жылда құрылысын аяқтап, іске қосамыз деп отыр. Жалпы қол қойылған құжаттардың ішінде қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы, авиациялық құтқаруға қатысты келісімдер бар. Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингте Қазақстанның саяси жаңғыруы туралы айтып, 5 маусымда өтетін референдумның маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа Қазақстан, яғни Екінші республика – бұл шын мәніндегі демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен Парламенттің ролі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады. Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру.