Келесі жылды «Ауыл жылы» деп жариялау керек – Жигули Дайрабаев

«2023 жылды ауыл жылы» деп жариялау керек.

Мұндай бастаманы «Қазақстан фермерлер қауымдастығының» басқарма төрағасы көтерді. Жигули Дайрабаев ұсынысын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да жеткізген. Референдум қарсаңында фермерлер басшысы Ақмола облысының Сабынды ауЫлында болып, жергілікті жұртпен кездесті. Оның айтуынша «жаңа Қазақстанды құрамыз десек ауылдарды түлету» керек. Жерді тиімді игерген жөн. Сонда ғана нәтиже болады. Ал Ата заңда жер мәселесі көтеріледі.

Жигули Дайрабаев, "Қазақстан фермерлері қауымдастығының" басқарма төрағасы:

- Ең біріншіден, мемлекеттің алдында тұрған мәселе – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы азық-түлік қауіпсіздігін шешу үшін, 19 миллион 200 мың халықты асырау үшін бізде Қазақстанда жайылым жерлер де жетеді, егістік жерлер де жетеді. Соның бәрін тиімді пайдалану керек, екінші жағдай мынау ауылдық жерлерде инфрақұрылымды қолға алу керек. Бірінші жол керек, жақсы жол, екінші ауыз су мәселесі шешілуі керек. Біз мына жаңаша өмір сүргіміз келетін болса, біз мына экономикасы артқан, әлеуметтік жағдайы жақсарған мемлекетте өмір сүргіміз келетін болса онда біз осы референдумға бір кісідей атсалысуымыз керек.

Болат Бекежанов шаруа қожалығының басшысы:

- Қазір енді осы заң жүзінде мемлекет болып, ел болып, бәріміз бір жерден қол, бір жерден бас шығарып өйтпесек, әрі қарай енді болмайтын сияқты ғой. Алдымыздағы мақсатымыз еліміз дамып, мәдениетіміз көркейіп, экономикамыз өсіп, бір бай мемлекет болсақ, жастарымыз оқыған болса, болашақ деген сол ғой. Мақсат деген сол ғой. Сол үшін бәріміз атсалысып, сол үшін бәріміз қазір референдумға қатысу керекпіз.