Қазақстан Президенті Бішкекте Абай ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

Бішкектің орталық алаңында Ұлы Абайдың ескерткіші ашылды. Бүгін оны ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров ашты.

Қоладан құйылған Абай мүсінінің авторы Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Асқар Нартов. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен қырғыздың рухани өміріндегі ерекше күн деп бағалап, Бішкек төрінде Абайдың еңселі ескерткішінің ашылуын қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметінің белгісі деп қабылдайтынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаға қолдау көрсеткені үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді. Көп ұзамай Қазақстан астанасында Манас ескерткіші бой көтеретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ағайын елдердің тамырластығын кезінде Абай да айтқан. Ұлы ақын қазақтың тарихына тоқталған кезде қырғыз бауырларды ерекше атап өткен. Ол «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген. Шын мәнінде екі ұлттың тегі мен тілі бір, жүрегі мен тілегі бір. Айыр қалпақты ағайынға біздің ықыласымыз қашанда ерекше. Көп ұзамай елімізде Манас ескерткіші бой көтереді. Бұл есім қазақ арасында өте танымал. Әйгілі Манасқа құрметіміз ерекше. Манастану ғылымының негізін қалаған Шоқан Уәлиханов екенін еске салғым келеді. «Манас» жырының тағдыры тартысқа түскен кезде оған Мұхтар Әуезов араша түскенін білеміз. Мұның бәрі бір-бірімізге деген жанашырлық пен тілектестіктің көрінісі. Мен біздің бауырластығымыз бен достығымыз ешқашан мызғымайды деп сенемін.