Жамбыл облысында референдумға дайындық қызу жүріп жатыр

Жамбыл облысында референдумға дайындық қызу. Саяси науқанға әзірлік жұмыстары орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның қатысуымен өткен семинар-кеңесте пысықталды.

Жиында Конституцияның түзетулер енгізілетін баптары талқыға түсіп, ұйымдастыру шаралары сөз болды. Өңірде барлығы 492 учаске жұмыс істейді. Ережеге сәйкес оның 21-і кейінірек жасақталады. Себебі олар әскери бөлімдерде, ауруханаларда және басқа да жабық нысандардарда орналасады. Облыс әкімдігі жанынан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін арнайы штаб құрылды. 688 мыңға жуық жамбылдық маңызды науқанға қатысады деп болжанып отыр. Референдумның өтуін мыңнан астам байқаушы қадағалайды.

Серғали Айдапкелов, облыстық референдум комиссиясының төрағасы:

- Бүгінгі күні 492 референдум учаскесінде 3748 референдум комиссияларының мүшелері жұмыс жасап жатыр. Бірінші кезекте олар қашықтан оқытылу арқылы қазір сетификаттарын алды. Яғни бұлардың барлығы  референдум өткізу туралы заңды, актілерді біледі деген сөз.

Мұхтар Ерман, ҚР Орталық референдум комиссиясының хатшысы:

- 14 өңірге біздің Орталық референдум комиссияның басшылары және мүшелері қазір шығып, дайындық барысын тексеруде. Көптеген өңірлерде біз ондағы учаскелерді өз көзімізбен көріп, қандай жағдай жасалып жатыр, техникалық жағынан қалай қамтамасыз етілді, учаскелік комиссия құрамындағы біздің әріптестердің оқу мәселесін, бірнеше оқу семинарын өткізіп жатырмыз.