Қытайдағы қазақстандықтар референдумға қатыса алады

5 маусым күні Қытайда жүрген қазақстандықтар үшін өз азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

№257 учаске Нұрсұлтан уақытымен таңғы 5-тен кешкі 6-ға дейін ашық болады. Референдумға қатысты ақпарат Қазақстанның Шанхай мен Гонконгтағы елшілігі мен бас консулдықтарының сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған. Қытайдағы эпиджағдайдың қолайсыздығына байланысты, дипломатиялық өкілдік азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдайды. Бұдан бөлек, алдағы референдумның барысын бақылау үшін Нұр-Сұлтанға Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы бақылаушыларының миссиясы келеді. 2-6 маусым аралығында олар дауыс беру барысын қадағалайды. Жалпы короновирусқа байланысты азаматтардың бәрі референдумға қатыса алмайды. Карантин аумағындағылар мен локдаунға жабылған университеттердің студенттері қалыс қалуы мүмкін.

Нұрлан Аққошқаров, ШЫҰ хатшылығы жанындағы тұрақты өкілі, ҚР-дың ҚХР-дағы елшілігінің жанындағы 257 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:

– Өткен жылдары бізде екі мыңдай Қазақстан азаматтарының қатысу мүмкіншілігі болса, індеттің салдарынан біраз азаматтардың және Қытайда оқып жүрген оқушылардың Қазақстанға қайтуына байланысты, біздің сыртта Қытайда жүрген азаматтардың саны күрт төмендеді. Биыл біздің санауымыз бойынша №257 учаскесіне 95 азамат тіркелген. Шанхайда 25 азамат, Гонконгта 36 азамат тіркелген. Жалпы олар бойынша біз Орталық сайлау комиссиясының регламентіне сай, оларды ақпараттандыру және осы учаске бойынша ақпаратты 10 күн бұрын оларға мәлімдедік.