loader

Ата Заң эволюциясы Егемен Қазақстан

Ата Заң эволюциясы

Қазақ даласында рулық, тайпалық, хандық-мемлекеттік түсінік қалыптаса бастағаннан бері жалпыға ортақ белгілі бір тәртіпке деген сұраныстың туындағаны сөзсіз. Десе де бұл туралы құжатты деректер жоқтың қасы. Не болмаса бұл түсініктер тіпті де қағаз бетіне түспеген, не болмаса жаугершілік заманындағы соғыс салдарынан ізім-қайым жоғалған.

Осы күнге дейін бар екендігі нақты дәлелденіп, қандай да бір тарихи дәлелі бар болып саналатын ең көне заң – Шыңғыс ханның «Ұлы жасағы». Қазіргі таңда бұл заңның түпнұсқасы сақталмағаны туралы бірден айтуымыз керек. Бірақ бұл заңның таңбаға түсіп, нақтылы күшке ие болғаны туралы тарихи деректер жетіп артылады. Мысал ретінде Шыңғыс ханның: «Мемлекеттің меншігін жөнге салып, дау-дамайларды реттеп, ол туралы көк дәптерге жазып отыруы шарт, Шихихутугтің менімен келісіп шешіп, ақ қағазға көк сиямен түсірген хаттамаларын ұрпақтан ұрпаққа дейін ешкім бұзбайтын болсын», деген сөзі тарихта қал­ғанын айтуға болады.

Шыңғыс ханның ғұмырын зерттеуші ғалымдардың дерегіне сүйенсек, бұл шамамен 1210 жылдар болуы керек. Демек бұл – Қазақ даласындағы алғашқы ресми заң. Қисаптың қисынына салсақ, қазіргі Ата Заңға дейінгі аралықта қазақ даласындағы заңдар эволюциясы шамамен 800 жылдам астам уақытты алады.

Осы сегіз ғасыр ішінде көк дәптердің келбеті құрылған мемлекет, өзгерген өркениет пен жаңа басқару жүйесіне ауысуы секілді тарихи факторларға орай бірнеше мәрте толықтырылып келді. Мәселен, «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», әз Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» заңдары болып таңбаланғанын шежіре беттері шатаспай парақтап береді.

Иә, әлбетте бұл біздің төл заңдарымыз. Мұндай бақытты қайта сезіну тек тәуелсіздік алған­нан кейін ғана бұйырды бізге. Егемен елдің ең басты құжаты, ең асыл кітабы Конституция сахнаға шыққан шақ еді ол кез. Бүгінгі тарқатылар тақырыптың төркіні де осы тақырыпқа келіп ат байлап отыр.

Президентіміз наурыз айындағы Жолдауында еліміздің саяси жүйесіне ауыз толтырып айтарлық ауқымды өзгерістер жасайтынын мәлімдеген болатын. Тәуелсіздік тарихындағы ең күрделі сыннан аман өтіп, дауылды еңсергендегі тыныштықтан соң бұл Жолдаудың жолы да, жөні де басқаша болатынына елі сеніммен қарап, үмітпен күткен еді. Алқалы жиында алаш жұрты арманы орындалардай ауқымды бастамалардың куәгері болды. Соның ең бастысы – Ата Заңымызға енетін өзгерістер туралы ұсыныс еді.

Мемлекет басшысы көп ұзамай бұл басты құжатқа енетін өзгерістер мен толықтырулар халықтың таңдауы болуы тиіс екенін атап өтіп, референдум өтетінін мәлімдеген болатын. Соған сәйкес елімізді демократияландыру бағытында үлкен қадамдар жасалу көзделіп отыр.

Референдум – мемлекетіміздің межелі уақыттан бері орын алып отырған ең елеулі саяси оқиғасы болғалы тұр. Қазіргі Ата Заңымыз соңғы рет осыдан 27 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданған болатын. Ал басты заңға одан кейінгі жылдары енгізілген өзгерістер Парламент қабырғасында мақұлданып, халықпен еш санаспай бекітіліп келді. Әлбетте, бұл үрдіс ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қарамақайшы құбылыс. Конституциялық өзгерістерді осынша уақыттан кейін халықпен кеңесіп қабылдауға деген талпыныс ең әуелі демократияға деген ұмтылыс болса, кейінгісі алдағы жоспарланған референдумның да маңызын, салмағын өсіретін қадам болмақ.

Енді, біз алдағы жоспарланған референдум барысында Конституцияға енгізілетін өзгерістердің негізгі ерекшеліктері мен маңызды бастамаларына тоқталып өтсек.

Бірінші кезекте, әлбетте ең маңызды өзгеріс – мемлекеттік басқару жүйесіндегі модельдің өзгеруі. Еліміз «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республика формасына көшеді. Демек алдағы уақытта Парламенттің ықпалы, Үкіметтің есептілігі артатын болады. Президент өзінің өкілеттігі кезінде партиядан шығады. Осылайша, ол барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін сақтай алады. Бұл үрдіс елдің саяси жүйесіне айтарлықтай жаңғыру әкеліп, партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыратын болады.

Осы тұста аса мән беріп айтатұғын бір дерек бар. Осы өзгерістер мен толықтырулардың кезінде Мемлекет басшысы өзінің өкілеттігін немесе билігін күшейту үшін бір де бір өзгеріс жасауға ұсыныс білдірген жоқ. Керісінше, бас құжатқа таңбаланатын барлық дерлік өзгеріс биліктің басқару институттарын күшейтуге бағытталған.

Мысалы, Мемлекет басшысы бұдан былай облыс әкімдерінің өкімдерін жоя алмайды. Аудандық, ауылдық әкімдерді қызметінен ала алмайды. Бұл, түптеп келгенде, Президентіміз айтқандай, үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтуға бағытталған шешімдердің басы ғана.

Иә, жоспарланған өзгерістерді әр қазақстандық сезіне алады. Бұдан былай жергілікті атқарушы билік органдары мен жергілікті өкілді органдардың жұмысы үлкен өзгеріске ұшырамақ. Бір сөзбен айтқанда, олардың дербестігі артады.

Ата Заңымызға енетін тағы бір айтарлықтай жаңалықтың бірі һәм бірегейі – жер мәселесіне қатысты. Иә, тамыры терең тарихымыздың қай кезеңінде болсын қазақ үшін жер мәселесі қашанда өткір тұрғанды. Қазіргі уақытта да қоғам арасындағы беті ашық жара секілді ащы мәселе осы жер төңірегінде тұрғаны дәлелді талап етпейтін ақиқат. Президентіміз ұсынып отырған мәселеге сәйкес осы жер мәселесі түбегейлі шешіліп, тұтастай халық меншігіне өтетін болды. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады. Бұрын бұл мемлекеттік меншік еді.

Жалпы алғанда мемлекетті басқару ісіндегі ең маңызды құрал – сенім. Ал сенімді ұялататын ең үлкен күш – әділеттілік. Президент ұсынып отырған осы реформалардың түпкі негіздері «әділдік» деген асыл ұғымға саяды.

Бұл тұста конституциялық соттың құрылуы, сөз бостандығы мен журналистер қауымының жұмыстарына жаңа серпін беру, мемлекеттік қызметтегілерге ашықтық ұстанымын ұстауды талап ету секілді ұсыныстар халық пен қоғам тарапынан жылы қабылданып жатқанын байқауға болады. Себебі әділдік пен ашықтық болмаған жағдайда мемлекетке де, қарапайым адам болашағына деген де сенімнің болуы неғайбыл.

Мемлекет басшысы ұсынып отырған Конституциялық реформаның басты мақсаты да осы қағидаларды іс жүзінде көрсету болып табылса керек.

Референдум – маңызды саяси оқиға. Конституциялық реформаның мәнін халыққа түсіндіру жұмысы қызу жүруде. Осы жұмыстардың аясында Amanat партиясы штабының мүшесі ретінде өңірлерді аралап халықпен, еңбек адамдарымен көптеген жылы жүздесулер өткіздік. Біз барған Шымкент, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай халқы бұл саяси реформадан жыл келгендей жаңалық пен өмірлерін өзгертетін жақсылық күтіп отыр. Өңірлердегі азаматтарымыздың Мемлекет басшысының саясатын қуаттайтынын, қолдайтынын аңғардық. Елдің өзгерістерге деген ықыласы ерек. Енді осы қолдауымызды іс жүзінде көрсету маңызды деп білеміз. Сондықтан, азаматтарымызды 5 маусым күні өтетін жалпы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырамыз. Қай заң болсын не өзгерсе, не толықса тарихи кезеңнің бастауында тұрады. Шыңғыс ханның «Ұлы жасағынан» бергі заңдар эволюциясы да осы көріністі растайды. Бұл тарихтың жаңа беті. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» түсінігі құр бос сөз бен ұран емес, «Екінші Республиканың» есігін ашатын ұлы сапардың кіріспе сөзі деп қабылдау шарт.

Берік УӘЛИ,

«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы

Сондай-ақ...