«Ауыл» партиясының мүшелері референдумның маңыздылығын кеңінен түсіндіруде

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшелері елімізде өтетін референдумның маңыздылығы туралы тұрғындарға кеңінен түсіндіруде.

Кезекті жиынын Ақтөбе облысының Алға ауданындағы Қайнар елді мекенінде өткізіп, Конституцияға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар жөнінде жан-жақты айтып берді. Кездесуге көп балалы аналармен іскер әйелдер келді. Себебі олардың белсенділігі ауылдық аймақтарда да жоғары. Жиын барысында партия тізімімен сайланған облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары алда өтетін саяси науқанның ел үшін өте маңызды екенін атап өтті. Сондықтан да референдумға қатысу әркімнің азаматтық борышы деді. Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау түрлері де кеңінен айтылды. Әсіресе іс бастау үшін жеңілдетілген несие және қайтарымсыз гранттар мен субсидия алу тетіктері түсіндірілді. Көп балалы аналар үшін жәрдемақы, табыс көлемін арттыру, әлеуметтік көмекке қол жеткізу мәселесі де сөз болды.

Оразбек Далмағамбетов, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының облыстық филиал төрағасы:

- Біздің Ақтөбе облысы бойынша барлығы 13 депутат. Аудандағылар да, облыстағылар да барлығы жан-жаққа шығып, осы референдум жөнінде әңгіме құрып отыр. Кешегі мал төлдеу уақытында да қазір егіс жүріп жатыр. Сол уақытта да барғанда осы референдум жөнінде әңгімелесіп, халыққа түсіндіру. Халықтың көбі қазір сауатты, бәрі де біліп отыр.

Қарлығаш Жетесова, Қайнар ауылының тұрғыны:

- Амандық болса, референдумға барып өз тағдауымды жасаймын. Ауыл тұрғындарының барлығы келіп, өз таңдауын жасайды деген ойдамын. Референдумда енді қозғалып жатқан мәселелердің бәрі орынды.